Python, JavaScript, AI: IT-ді нөлден үйренуге болатын тегін курстар

pexels divinetechygirl 1181281 scaled

IT-ге кірмек болғандар үшін бағдарламалау мен цифрлық дағдыларды нөлден үйренуге болатын тегін курстарды жинақтадық. Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалардан бастап әлемдік платформаларға дейін.

Қайдан бастау керек

Бірінші қадам — тіл таңдау емес, бағыт таңдау. Веб-әзірлеу, мобильді қосымшалар, ЖИ, деректерді талдау, тестілеу немесе киберқауіпсіздік — әрқайсысының бастапқы құралдары бөлек.

Бағыт айқындалғаннан кейін бағдарламалау тілін таңдау қажет: веб үшін JavaScript, деректер мен жасанды интеллект үшін Python, мобильді әзірлеу үшін Kotlin немесе Swift, бэкенд үшін Go, Java немесе сол сияқты Python.

Одан кейінгісі — тәртіп мәселесі. Теорияны көп жинап, практикаға кеш кіріскен адам жарты жолда тоқтайды, сондықтан алғашқы аптадан бастап код жазып, жобаларды GitHub-та сақтаған дұрыс. Жұмысқа алғанда сертификаттардан гөрі аяқталған жобалар маңызды.

Ал енді өзекті курстар:

Tech Orda

Astana Hub іске асыратын мемлекеттік бағдарлама. Мемлекет аккредиттелген IT-мектептердегі оқудың құнын ішінара немесе толық өтейді — бір студентке 500 000 теңгеге дейін. Бағыттар арасында бағдарламалау, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, дизайн бар. Курстар мен мектептердің тізімі, өтінім қабылдау мерзімі платформада жарияланады.

Alem School

2019 жылы құрылған, француз мектебі 42-нің моделіне негізделген тегін бағдарламалау мектебі. Оқу peer-to-peer форматында өтеді: дәріс те, оқытушы да жоқ, студенттер тапсырмаларды өздері шешіп, бір-бірінің жұмысын тексереді. Қабылдау онлайн тестілеу мен іріктеу кезеңдерінен тұрады, алдын ала бағдарламалау білімі талап етілмейді.

Tomorrow School

Astana Hub базасында 01 Edu серіктестігімен жұмыс істейтін жасанды интеллект мектебі, Alem.ai қорының жобасы. Бағыттары — Go, JavaScript, Rust және жасанды интеллект. Оқу тегін, бірақ тек офлайн форматта, Astana Hub аумағында өтеді, қашықтан оқу қарастырылмаған.


Skills Enbek

Еңбек нарығы порталының білім беру платформасы. Data Science, Python, интернет-қауіпсіздік, product және HR-менеджмент бағыттары бойынша тегін онлайн курстар бар. Курстар қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

Samsung Innovation Campus

Java және Python бойынша тегін курстар ұсынатын халықаралық білім беру бағдарламасы. Мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталған, Қазақстанның бірнеше қаласында жүзеге асады. Оқу офлайн және онлайн форматтарда өтеді.

Stepik

Орыс тілді ірі платформа, тегін курстардың саны бойынша ең кеңі. Python, Java, C++, SQL бойынша бастауыш курстардан бөлек, университеттер дайындаған алгоритмдер мен математика курстары бар. Әр тақырып интерактив тапсырмалармен бекітіледі — кодты тікелей браузерде жазып, тексеруге болады.

Google-дың тегін курстары

Google білім беру материалдарын бірнеше платформада ұсынады. Digital Garage — цифрлық маркетинг, деректер негіздері және мансап дағдылары бойынша қысқа тегін курстар. Google Cloud Skills Boost — әзірлеушілер мен инженерлерге арналған техникалық бағыт, практикалық зертханалық тапсырмалармен. Google AI for Developers— жасанды интеллект модельдерімен жұмыс істеу бойынша материалдар. Coursera-дағы Google Career Certificates бағдарламаларын тегін тыңдауға болады, бірақ сертификаттың өзі ақылы.

freeCodeCamp

Веб-әзірлеу, деректерді талдау, машиналық оқыту бағыттары бойынша толығымен тегін бағдарлама. Оқу тапсырма орындаудан тұрады, әр блоктың соңында портфолиоға қосуға болатын жобалар бар. Сертификаттар да тегін.

CS50

Гарвард университетінің информатика негіздері бойынша кіріспе курсы. Дәрістері мен материалдары ашық әрі тегін. Курс нақты бір тілді емес, бағдарламалаудың негізгі принциптерін үйретеді — жад, алгоритмдер, деректер құрылымы. Соңында өз жобаңды жасау керек.

The Odin Project

Фронтенд пен бэкендті қамтитын тегін фулстек бағдарлама. Ерекшелігі — курс өз материалдарымен қатар ашық құжаттамаға сілтеме береді, яғни ақпаратты өз бетінше іздеуге үйретеді. Бұл нақты жұмыс процесіне жақын дағды.

Hexlet

Python, Java, Go, JavaScript және басқа тілдер бойынша бастауыш деңгейге арналған тегін курстар. Теориялық материал практикалық тапсырмалармен қатар жүреді. Платформаның негізгі бағдарламалары ақылы, бірақ кіріспе бөлігі ашық.

Kaggle

Деректермен жұмыс істейтіндерге арналған платформа. Python, SQL, машиналық оқыту бойынша қысқа тегін курстардан бөлек, нақты деректер жиынтығы мен жарыстар бар — алған білімді бірден нақты тапсырмада қолдануға болады.

Microsoft Learn

Microsoft-тың тегін оқу платформасы. Python, C#, Azure, деректер базасы және жасанды интеллект бойынша оқу жолдары бар. Материалдар практикалық тапсырмалармен және өз ортаңда жұмыс істеуге арналған нұсқаулықтармен қатар беріледі.

MDN Web Docs

Жеке курс емес, веб-технологиялар бойынша негізгі құжаттама. Бірақ кез келген веб-әзірлеушінің күнделікті құралы болғандықтан, онымен ерте танысқан дұрыс — мұнда HTML, CSS және JavaScript бойынша тегін оқу материалдары да бар.