Стартап пен инвестор тілін түсінуге көмектесетін 27 венчурлік термин

pexels alexander suhorucov 6457537 scaled

Стартап инвестиция тартуға дайындалған кезде тек оның өнімі мен нарығы ғана емес, инвестициялық мәміленің құрылымы да маңызды болады. Инвесторлар мен құрылтайшылар осы кезеңде көптеген арнайы терминдерді қолданады.

Олардың бір бөлігі ағылшын тілінен енгенімен, әр ұғымның венчурлік нарықта нақты мағынасы бар. Төменде стартаптың инвестиция тарту процесінде жиі кездесетін 27 негізгі терминді түсіндіреміз.

Питч — стартаптың өз жобасын қысқа әрі нақты түрде инвесторға таныстыруы. Құрылтайшы/фаундер мәселені, шешімді, нарықты, бизнес-модельді, команданы және инвестиция қажеттілігін түсіндіреді.

Инвестициялық презентация/Pitch Deck — стартаптың инвесторларға арналған негізгі презентациясы. Онда проблема, өнім, нарық көлемі, бизнес-модель, команда, жетістіктер, қаржылық көрсеткіштер және компанияның қанша инвестиция іздеп отырғаны көрсетіледі.

Инвестиция тарту/Fundraising — стартаптың инвесторлардан қаржы тарту процесі. Бұл бірнеше айға созылуы мүмкін және инвесторларды іздеуді, кездесулерді, презентация жасауды және инвестициялық келіссөздерді қамтиды.

Инвестициялық тексеру/Due Diligence — инвестордың стартапты инвестиция салмас бұрын жан-жақты тексеруі. Компанияның қаржысы, заңдық құжаттары, технологиясы, командасы, клиенттері, нарығы және басқа да маңызды көрсеткіштері қарастырылады.

Негізгі шарттар құжаты/Term Sheet — инвестор мен стартап арасындағы болашақ инвестициялық мәміленің негізгі шарттарын көрсететін құжат. Онда инвестиция көлемі, компанияның бағасы, инвестор алатын үлес және басқа маңызды шарттар жазылады.

Капитал құрылымы кестесі/Cap Table — компаниядағы үлестердің кімге тиесілі екенін көрсететін кесте. Онда құрылтайшылардың, инвесторлардың және қызметкерлердің компаниядағы үлестері көрсетілуі мүмкін.

Инвестициялық меморандум — компания немесе инвестициялық қор туралы негізгі ақпаратты жинақтайтын құжат. Онда бизнес, нарық, қаржылық көрсеткіштер, тәуекелдер және инвестицияның негіздемесі сипатталады.

Инвестициялық тезис — инвестордың қандай стартаптарға және қандай себептермен инвестиция салатынын анықтайтын негізгі қағидалары. Мысалы, қор тек жасанды интеллект, финтех немесе климаттық технологиялар саласындағы стартаптарға инвестиция салуы мүмкін.

Компанияны бағалау/Valuation — стартаптың нарықтағы ақшалай құнын анықтау. Инвестициялық раунд кезінде компанияның бағасы инвестор алатын үлесті есептеу үшін маңызды.

Инвестицияға дейінгі бағалау/Pre-money valuation — жаңа инвестиция компанияға түскенге дейінгі оның бағасы.

Мысалы, стартаптың инвестицияға дейінгі бағасы $8 миллион, ал компания $2 миллион инвестиция тартса, инвестициядан кейінгі бағасы $10 миллион болады.

Инвестициядан кейінгі бағалау/Post-money valuation — инвестиция компанияға түскеннен кейінгі оның бағасы. Ол әдетте инвестицияға дейінгі бағалау мен жаңа инвестиция көлемінің қосындысы арқылы есептеледі.

Компаниядағы үлес/Equity — инвесторға немесе құрылтайшыға тиесілі компания капиталының бөлігі. Инвестор стартапқа ақша салу арқылы компанияның белгілі бір үлесін алуы мүмкін.

Акционерлік үлес — адамның немесе ұйымның компания капиталындағы иелік ету үлесі. Пайызбен көрсетіледі.

Опцион — белгілі бір шарттар орындалған жағдайда компанияның акцияларын немесе үлесін болашақта сатып алу құқығы.

Стартаптарда опциондар көбіне маңызды қызметкерлерді компанияда ұстап қалу және олардың мүддесін компанияның ұзақ мерзімді нәтижесімен байланыстыру үшін қолданылады.

Қызметкерлерге арналған акция бағдарламасы/ ESOP, Employee Stock Option Plan — қызметкерлерге компанияның акцияларын немесе үлесін белгілі бір шарттармен алу мүмкіндігін беретін бағдарлама.

Конвертацияланатын қарыз/Convertible Note — бастапқыда қарыз ретінде беріліп, кейін белгілі бір шарттар орындалғанда компаниядағы үлеске немесе акцияға айналуы мүмкін инвестиция түрі.

SAFE/Simple Agreement for Future Equity — инвесторға болашақта компаниядағы үлесті алуға құқық беретін келісім. Ол инвестициялық мәмілені классикалық акция шығару процесіне қарағанда жеңілдету үшін қолданылады.

Үлестік қаржыландыру/Equity Financing — инвестордың компанияға ақша салып, оның орнына компаниядағы үлес алуы. Бұл жағдайда стартап алған қаражатын дәстүрлі несие сияқты қайтармайды, бірақ компанияның белгілі бір бөлігі инвесторға тиесілі болады.

Бірлескен инвестиция/Co-investment — бір стартапқа бірнеше инвестордың бір мәміле аясында бірге инвестиция салуы.

Мысалы, венчурлік қор мен бизнес-ангел бір раундта бір стартапқа қатар инвестиция жасай алады.

Инвестициялық синдикат — бір стартапқа бірге инвестиция салу үшін бірнеше инвестордың бірігуі. Бұл тәсіл инвесторларға тәуекелді бөлісуге және ірі мәмілелерге қатысуға мүмкіндік береді.

Негізгі инвестор/Lead Investor — инвестициялық раундтағы негізгі инвестор. Ол мәміленің шарттарын талқылауға қатысып, басқа инвесторларды раундқа тартуы мүмкін.

Якорь инвестор — инвестициялық раундқа ертерек кіріп, айтарлықтай көлемде қаржы салатын негізгі инвестор. Оның қатысуы басқа инвесторларға компанияға деген сенімнің белгісі болуы мүмкін.

Стратегиялық инвестор — қаржылық пайдадан бөлек, стартаппен стратегиялық серіктестік орнатуға мүдделі инвестор.

Мысалы, ірі технологиялық компания перспективалы стартапқа инвестиция салып қана қоймай, оның технологиясын, өнімін немесе клиенттік желісін пайдалануы мүмкін.

Институционалдық инвестор — басқа адамдардың немесе ұйымдардың қаражатын басқаратын ірі кәсіби инвестор. Оларға инвестициялық қорлар, зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары және басқа да қаржы институттары жатады.

Қор инвесторы/Limited Partner немесе LP — венчурлік қордың өзіне капитал салатын инвестор. LP стартаптарға тікелей инвестиция жасамайды, оның қаражатын қордың басқарушы командасы стартаптарға инвестициялау үшін пайдаланады.

Қорытынды

Стартаптың инвестиция тарту процесі бір ғана «ақша алу» кезеңінен тұрмайды. Алдымен құрылтайшы жобасын питч арқылы таныстырады, Pitch Deck дайындайды және инвестиция іздейді. Инвесторлар Due Diligence жүргізіп, компанияның бағасын анықтайды. Кейін Term Sheet арқылы мәміленің негізгі шарттары келісіліп, инвестор компаниядан белгілі бір үлес алады.

Осы процесте Pre-money valuation, Post-money valuation, Dilution, SAFE, ESOP, Lead Investor, Co-investment сияқты терминдер жиі кездеседі.

Бұл ұғымдарды түсіну стартап жаңалықтарын ғана емес, венчурлік нарықтағы инвестициялық мәмілелердің қалай құрылатынын да жақсы түсінуге мүмкіндік береді.