Вайбкодинг: жасанды интеллект арқылы қосымшалар жасау
Соңғы жылдары бағдарламалау әлемінде үлкен өзгерістер орын алуда. Бұрын қосымша жасау үшін тәжірибелі әзірлеушіні жалдау немесе бірнеше ай бойы оқып-үйрену қажет еді. Қазір жағдай басқаша: идея болса, оны нақты сипаттасаңыз жеткілікті — қалғанын жасанды интеллект, ЖИ өзі орындайды, яғни қарапайым адам бағдарламашыға айналды. Бұл тәсіл вайбкодинг деп аталады және ол бағдарламалауды бұрын-соңды болмаған деңгейде қолжетімді етті.
Бүгін біз Битрикс24 Қазақстан маманымен вайбкодинг деген не және оны жасау үшін қандай құралдар бар екенін талқылаймыз.
Гүлнұр Досбол, Битрикс24 Қазақстан маманы
Вайбкодинг деген не
Вайбкодинг — бұл ЖИ-мен диалог арқылы қосымша жасау тәсілі. Мұнда әзірлеуші кодты қолмен жазбайды, оның орнына тапсырманы мәтін түрінде сипаттайды. ЖИ сол сипаттамаға сүйене отырып, дайын кодты автоматты түрде генерациялайды.
Дәстүрлі бағдарламалаудан басты айырмашылығы — қалай жасалатыны емес, нәтиженің қандай болуы керектігін ғана айту жеткілікті. Мысалы, «күні мен уақытын таңдауға болатын форма және растау батырмасы керек» деп жазсаңыз, ЖИ оны қалай жүзеге асыру керектігін өзі шешеді. Бұл SQL, HTML немесе React сияқты технологияларды білуді міндетті етпейді.
Терминді 2025 жылы Андрей Карпатый енгізген. Қысқа уақыт ішінде ол кеңінен таралып, тіпті Collins English Dictionary тарапынан «жыл сөзі» деп танылды.
Қандай мәселелерді шешеді
Вайбкодингтің басты артықшылығы — әмбебаптығы. Ол қарапайым тапсырмалардан бастап күрделі жүйелерге дейін қолдануға мүмкіндік береді.
Қарапайым деңгейде:
— лендинг, калькуляторларды, Telegram-боттарды бірнеше сағатта жасауға болады
— идеяларды тез тексеру: өнімге сұраныс бар-жоғын анықтау
— интерфейстерді прототиптеу және командамен бөлісу
— күнделікті шаруаларды автоматтандыру
— бәсекелестердің деректерін жинау
— есептерді автоматты түрде құрастыру
— күнделікті қайталанатын тапсырмаларды қысқарту.
Мысалы, маркетолог бұрын бірнеше сағат бойы әртүрлі жарнама жүйелерінен деректер жинаса, вайбкодинг арқылы API көмегімен автоматты дашборд жасап, есеп дайындау уақытын 15 минутқа дейін қысқарта алады.
Күрделі деңгейде:
— ішкі бизнес-құралдар жасау: CRM, аналитика жүйелері
— MVP әзірлеу
— әртүрлі сервистердің API-ларын біріктіру
— бизнес-процестерді автоматтандыру.
Мысалы, фитнес студия иесі бір апта ішінде онлайн жазылу жүйесі бар сайт жасап, клиенттерге ыңғайлы қызмет ұсына алады.
Қандай құралдар қолданылады
Вайбкодинг үшін көптеген құралдар бар. Олардың ішінде кең таралғандары — ЖИ негізіндегі жүйелер:
— Cursor — ЖИ көмегімен код редакциялау. Ол табиғи тіл арқылы код жазуға, түзетуге және талдауға мүмкіндік береді
— Replit — толыққанды әзірлеу платформасы, браузерде жұмыс істейтін толық әзірлеу ортасы. Идеядан дайын өнімге дейінгі барлық процесті қамтиды
— Lovable — дизайнға бағытталған құрал, визуалды жағынан тартымды веб-қосымшалар жасауға арналған
— Bolt.new — жылдам прототиптеу, идеяларды тез тексеруге арналған
— v0 by Vercel — UI-компоненттер генерациясы
— Windsurf — ірі жобаларға арналған, күрделі корпоративтік жүйелерге бағытталған.
— Claude Code — бұл құрал логикалық тұрғыдан күрделі тапсырмаларды шешуге арналған
— Manus — тек код жазып қана қоймай, бүкіл процесті өзі орындайтын ЖИ-агент
— Base44 — техникалық білімі жоқ қолданушыларға арналған
— Emergent — бірнеше ЖИ-агенттері арқылы толық қосымшалар жасайды.
Дұрыс құралды қалай таңдау керек
Біріншіден техникалық деңгейіңізді бағалаңыз, тәжірибелі болсаңыз Cursor, Claude Code-ты пайдаланыңыз, жаңадан бастасаңыз Base44, Replit, Lovable қолданыңыз.
Бюджетті есептеңіз, көп құралдарда тегін жоспарлар бар, бірақ белсенді қолданғанда шығын артуы мүмкін.
Қосымшаны қалай жасауға болады
Вайбкодинг арқылы қосымша жасаудың негізгі төрт кезеңі бар:
1. Идеяны нақтылау — мақсатты аудиторияны, шешілетін мәселені және күтілетін нәтижені нақты анықтау қажет. Неғұрлым нақты сипаттама болса, нәтиже соғұрлым сапалы болады.
2. Промпт жазу. Промпт деген — ЖИ-ге берілетін тапсырма. Ол нақты, құрылымды және толық болуы керек. Интерфейс элементтерін, функцияларды және қолданылатын технологияларды көрсету маңызды.
3. Тестілеу — ЖИ жасаған код әрдайым мінсіз болмайды. Сондықтан негізгі функцияларды тексеру, қате енгізулерді сынау, әртүрлі құрылғыларда тестілеу қажет.
4. Жетілдіру — қателерді нақты сипаттап, ЖИ-ге қайта тапсырма беру арқылы жүйені жақсартуға болады. Бұл процесс итеративті түрде жүреді: тексеру → түзету → қайта тексеру.
Егер промптар жазуда қиындықтар туындаса BitrixGPT көмектеседі. ЖИ-көмекші қосымшалар үшін код жазбаса да, жобаны жоспарлау кезеңінде өте пайдалы: техникалық тапсырма жасауға, функционалды сипаттауға және жұмыс жоспарын құруға көмектеседі. Бұл бағдарламалау үшін промпттарды дайындауды жеңілдетеді.
Шектеулері қандай
Вайбкодингтің артықшылықтарымен қатар шектеулері де бар.
1. Қателер болуы мүмкін — ЖИ кейде багтары бар немесе тиімсіз код жазады. Сондықтан міндетті түрде тексеру қажет.
2. Базалық білім керек — қарапайым жобалар үшін білім қажет емес, бірақ күрделі жүйелер үшін HTML, CSS, JavaScript негіздерін түсіну маңызды.
3. Қауіпсіздік мәселелері — ЖИ кейде қауіпсіздік талаптарын ескермейді. SQL-инъекция немесе XSS сияқты осалдықтар болуы мүмкін. Сондықтан маңызды жобаларда код аудиті қажет.
Вайбкодинг — бағдарламалау тәсілін түбегейлі өзгертіп жатқан жаңа бағыт. Ол әзірлеу процесін бірнеше есе жылдамдатып, бағдарламалауды көпшілікке қолжетімді етті. Енді идеяны іске асыру үшін міндетті түрде кәсіби әзірлеуші болудың қажеті жоқ. Дегенмен, бұл толық автоматтандырылған шешім емес. Жақсы нәтиже алу үшін нақты тапсырма қою, тестілеу және базалық техникалық түсінік қажет. Дұрыс қолданылған жағдайда вайбкодинг — стартаптар, кәсіпкерлер және әзірлеушілер үшін қуатты құралға айналады.
