Қазақстандық бизнес неге IT-идеяларынан бас тартады және жасанды интеллекттен не күтеді
Бүгінде қазақстандық бизнесті жасанды интеллекттің пайдасына сендірудің қажеті жоқ. Керісінше компаниялар бағдарлама әзірлеушілерге тәуелділіктен құтылу үшін IT-құралдарға, инновациялық сервистерге және вайбкодинг платформаларына инвестиция салуға дайын. Алайда Research Sprint аналитикалық хакатоны аясында жүргізілген шағын зерттеу бұл дайындықтың өз шектеулері бар екенін көрсетті. Компаниялардың IT-бюджеті мен технологияларды енгізу тереңдігі екі маңызды факторға тәуелді: бизнестің цифрлық жетілу деңгейі және деректер қауіпсіздігіне қатысты сенімсіздік.
Гүлнұр Досбол, Битрикс24 Қазақстан пиар менеджері
Осы жылдың мамыр айында Research Sprint хакатоны аясында Нархоз университетінің студенттері Битрикс24 Қазақстан компаниясының тапсырмасы бойынша қазақстандық бизнестің вайбкодинг құралдарын пайдалануға дайындығын зерттеді. Зерттеуге еліміздегі ең тәжірибелі зерттеу агенттіктерінің бірі BISAM Central Asia сарапшылары жетекшілік етті. Сауалнамаға Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан IT-саласына қатысы жоқ 200 менеджер мен басшы қатысты. Сонымен қатар зерттеушілер өз гипотезаларын экономиканың жеті негізгі саласындағы компаниялардың директорлары және иелерімен жүргізілген 10 терең сұхбат арқылы нақтылады. Қатысушылар қатарында телекоммуникация, сақтандыру және HoReCa салаларының өкілдері болды.
Күту дағдарысы және IT-тәуелділік: бизнес әзірлеушілерге тәуелді
Инновацияға ұмтылған қазақстандық бизнес маңызды кедергіге тап болып отыр — IT-мамандар мен сыртқы мердігерлерге жоғары тәуелділік. Автоматтандыруға деген сұраныс дәстүрлі IT-нарықтың мүмкіндіктерінен әлдеқайда жылдам өсуде. Соның салдарынан цифрлық шешімдерді әзірлеудің классикалық тәсілі кейде бизнес үшін шығын мен жіберілген мүмкіндіктердің көзіне айналуда. Зерттеу нәтижесі бойынша, Қазақстандағы компаниялардың 54,4%-ы тым ұзақ әзірлеу мерзімдері салдарынан кем дегенде бір рет перспективалы бизнес-идеяларынан айырылған. Респонденттердің шамамен 35%-ы қарапайым IT сұраныстардың орындалуын бір аптадан төрт аптаға дейін күтетінін айтса, тағы 12%-ы үш айға дейін күтуге мәжбүр екенін жеткізді.
Уақыттан бөлек, дәстүрлі әзірлеу қомақты қаржыны талап етеді. Терең сұхбат барысында компания басшылары өз тәжірибелеріндегі жағымсыз мысалдармен бөлісті. Басшылардың бірі жеке кабинеті бар сайт жасауға 10 миллион теңге жұмсағанын, бірақ нәтижесіне көңілі толмағанын айтты. Тағы бір кәсіпкер штаттағы IT-бөлім орындай алмаған қарапайым интеграция үшін қымбат сыртқы мердігерлерді жалдауға мәжбүр болған.
Осылайша қазақстандық бизнестің IT-мердігерлерге қатысты негізгі үш шағымы анықталды:
1. Қызметтердің жоғары құны — басшылардың 33,6%-ы үшін басты мәселе.
2. Жұмыстың ұзақ орындалу мерзімі — компаниялардың 28,1%-ы үшін маңызды кедергі.
3. Әзірлеушілерге тәуелділік — бизнестің 24%-ы бағдарламаны жаңарту немесе жетілдіру кезінде орындаушыға тәуелді болудан шаршаған.
Құтқарушы ретінде вайбкодинг: бағдарламашыларсыз бағдарламалық өнім жасау
Классикалық әзірлеудің экономикалық тиімсіздігі нарықты балама жол іздеуге мәжбүрледі. Осындай шешімдердің бірі — вайбкодинг. Бұл тәсіл бағдарламалау дағдылары жоқ қызметкерлерге қарапайым тілде жасанды интеллектке тапсырма беру арқылы жұмыс құралдарын жасап, процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Зерттеу көрсеткендей, бұл термин нарық үшін салыстырмалы түрде жаңа болғанымен, қазақстандық бизнес ортада кеңінен танылып үлгерген. Респонденттердің 70,5%-ы вайбкодинг ұғымымен таныс, ал 24,5%-ы, яғни әр төртінші басшы, бағдарламашылардың көмегінсіз ЖИ арқылы цифрлық құрал жасап көрген. Демек вайбкодинг болашақтың технологиясы емес, қазіргі IT-дағдарыс жағдайында бизнестің нақты қажеттіліктерін шешуге арналған құралға айналып келеді.
Стереотиптердің бұзылуы: мәселе білімде емес, сенімде
Зерттеу қазақстандық менеджерлер мен кәсіпкерлердің технологияларға ашық екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 96,5%-ы күнделікті жұмысында жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Олар мәтін жазу, ақпарат іздеу және бастапқы талдау жүргізу үшін AI мүмкіндіктерін белсенді қолданады.
Дегенмен, жасанды интеллектті кеңінен енгізуге кедергі келтіріп отырған негізгі фактор — білімнің жетіспеушілігі емес. Бизнес жаңа технологияларды пайдалануды біледі және оған дайын. Бірақ компаниялар маңызды бизнес-процестерді жасанды интеллектке сеніп тапсырар алдында қауіпсіздікке нақты кепілдік алғысы келеді.
Жетілдендік факторы: неге бір компаниялар тегін AI іздейді, ал басқалары төлеуге дайын
Зерттеудің маңызды қорытындыларының бірі — жасанды интеллект сервистері үшін ақы төлеуге дайындық компанияның цифрлық жетілу деңгейіне тікелей байланысты.
Нейрожелілерге қызығушылық сатып алу туралы шешім қабылдауға жеткіліксіз. Осы тұста нарық екі негізгі топқа бөлінеді:
1. Цифрлық жетілу деңгейі төмен компаниялардың 47,6%-ы әзірге қаржылық тәуекелге барғысы келмейді және жасанды интеллектті тек тегін нұсқалар арқылы пайдалануға дайын.
2. Ал цифрлық мәдениеті жоғары компаниялар премиум сегментті қалыптастырады. Олардың 31,8%-ы AI-құралдары үшін ай сайын 30 000–70 000 теңге аралығында қаржы бөлуге дайын. Сонымен қатар мұндай ұйымдардың басым бөлігі күрделі экожүйелік шешімдер үшін одан да жоғары бюджет қарастыруға әзір.
Бұл AI-шешімдерін әзірлеушілер үшін маңызды мәлімет: барлық клиенттерге бірдей тәсіл ұсыну тиімсіз. Цифрлық тұрғыдан жетілмеген компанияларды алдымен оқытып, технологияға бейімдеу қажет болса, жетілген бизнеске бірден ауқымды әрі ақылы платформаларды ұсынуға болады.
