Work-life balance: цифрлық дәуірде жұмыс пен өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтаймыз
Жаз келіп, адардар демалысқа кетіп жатыр. Алайда жұмыстан бас көтермей жүргендер де жетерлік. Жұмыс чаттары, кешкі қоңыраулар, бітпейтін хабарламалар мен үздіксіз дедлайндар бүгінде қалыпты құбылысқа айналды. Кеңседен шыққанмен, жұмыс аяқталмайды: смартфон мен ноутбуктың арқасында ол бізбен бірге үйге де, демалысқа да ілеседі. Осындай қарбаласта жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтауды ұмытып кету оңай. Сондықтан дәл қазір work-life balance ұғымын еске түсірген жөн. Бұл жай ғана тренд емес, денсаулықты сақтап, кәсіби тиімділікті арттыруға көмектесетін маңызды қағидалардың бірі.
Гүлнұр Досбол, Битрикс24 Қазақстан пиар менеджері
Work-life balance дегеніміз не
Көпшілік бұл ұғымды жұмыс пен жеке өмірге уақытты теңдей бөлу деп түсінеді. Бірақ шын мәнінде тепе-теңдік әр адамда әртүрлі болады. Басты мақсат — жұмыстың өмірдің басқа маңызды бөліктерін: денсаулықты, отбасын, демалысты немесе жеке дамуды толық ығыстырып шығармауы.
Бір апта жұмысыңыз көп болуы мүмкін. Басқа кезеңде отбасыңызға немесе өзіңізге көбірек уақыт бөлесіз. Егер осының бәрі саналы түрде басқарылса, баланс сақталған деген сөз.
Баланс жоғалса не болады
Үнемі жұмыс істеу қысқа мерзімде нәтижеге жеткендей етуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде оның кері әсері байқалады.
Ең жиі кездесетін салдарлар:
— эмоционалдық күйзеліс пен кәсіби қажу
— өнімділіктің төмендеуі
— ұйқының бұзылуы және созылмалы шаршау
— отбасы мен достарға уақыттың азаюы
— мотивацияның жоғалуы.
Парадокс мынада: көбірек жұмыс істеген сайын нәтиже әрдайым жақсы бола бермейді. Керісінше, демалыссыз ми дұрыс шешім қабылдау қабілетін жоғалтады.
Work-life balance туралы қате түсініктер
1. Баланс міндетті түрде 50/50 болуы керек — өмір есептен құралмайды, кейде жұмыс басым болады, кейде жеке өмір. Ең маңыздысы — ұзақ уақыт бойы бір бағыттың екіншісін толық басып кетпеуі.
2. Аз жұмыс істесем, бәрі өздігінен түзеледі — мәселе тек жұмыс сағатында емес. Егер жұмыстан кейін де ойыңыз жұмыста болса немесе бос уақыттың бәрін әлеуметтік желіде өткізсеңіз, ағза бәрібір демалмайды.
3. Барлығы сияқты өмір сүру керек — «Таңғы 5-те тұр», «күніне 4 сағат қана жұмыс істе» деген кеңестер бәріне бірдей жарамайды. Әр адамның жұмыс ырғағы әртүрлі.
4. Барлық салада үздік болу керек — мансап, спорт, отбасы, оқу, хобби, саяхат… Барлығын бір уақытта мінсіз алып жүруге тырысу көбіне күйзеліске алып келеді.
5. Work-life balance тек фрилансерлерге арналған — шын мәнінде бұл жұмыс форматына емес, уақытты басқаруға байланысты. Кеңседе жұмыс істейтін адам да жеке шекарасын қалыптастыра алады.
Work-life balance әлде Work-life blend
Соңғы жылдары тағы бір ұғым жиі айтылып жүр — work-life blend. Екі модельдің айырмашылығы қарапайым. Work-life balance жұмыс пен жеке өмірдің арасында нақты шекара орнатады. Work-life blend болса, екеуін икемді түрде араластыруды ұсынады. Мысалы, таңертең жұмыс хаттарына жауап беріп, түсте спортпен айналысып, кешке жобаны аяқтау.
Қай модель дұрыс екенінің нақты жауабы жоқ. Барлығы адамның жұмыс форматына, кәсібіне және өмір салтына байланысты.
Баланс бұзылғанын қалай түсінуге болады
Өзіңізге мына сұрақтарды қойып көріңіз:
— «Демалыс күндері де жұмыс істейсіз бе?»
— «Кешкі уақытта жұмыс чаттарын жиі қарайсыз ба?»
— «Спортқа немесе жақындарыңызға уақыт жетпей ме?»
— «Жұмыста өткізетін уақыт көбейгенімен нәтиже азайып жатыр ма?»
— «Демалыс кезінде де жұмыс туралы ойлайсыз ба?».
Егер бірнеше сұраққа «Иә» деп жауап берсеңіз, жұмыс кестесін қайта қарастырған жөн.
Балансты сақтаудың 5 тәсілі
Басымдықтарды анықтаңыз — аптаның қай бөлігі жұмысқа, қай бөлігі отбасыға, демалысқа немесе өзіңізге арналатынын жоспарлаңыз.
Жұмысты автоматтандырыңыз — қайталанатын міндеттерді автоматтандыру уақытты үнемдейді. CRM-жүйелері, тапсырма менеджерлері және AI-құралдары күнделікті жүктемені айтарлықтай азайта алады. Мысалы, Битрикс24 жүйесі мұның бәріне толықтай сай келеді. Сіз бизнесті автоматтандырып, өзіңізге уақыт арнайсыз.
Жұмыс уақытының шекарасын белгілеңіз — кешкі уақытта жұмыс хабарламаларына жауап бермеу немесе демалыс күні поштаны ашпау — өнімділікті сақтаудың бір жолы.
Демалысты да жоспарлаңыз — көпшілік күнтізбеге тек кездесулерді енгізеді. Ал спорт, кітап оқу немесе отбасыға арналған уақыт та жоспарланғаны дұрыс.
Командамен ашық келісіңіз — әріптестер жұмыс уақытыңызды құрметтеген кезде ғана баланс сақталады. Сондықтан команданың ортақ коммуникация ережелері маңызды.
Компаниялар не істей алады
Work-life balance тек қызметкердің жауапкершілігі емес. Компаниялар икемді жұмыс уақытын ұсынып, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін бере алады. Сонымен қатар артық жұмысты қалыпты жағдай ретінде қабылдамауы тиіс, денсаулық пен менталдық әл-ауқатты қолдайтын бағдарламаларды енгізіп, жұмыс процестерін цифрландырып, артық бюрократияны азайта алады.
Бүгінде тапсырмалар, коммуникация және жобалар бір платформада басқарылған кезде қызметкерлердің уақыты да тиімді пайдаланылады. Мұндай экожүйелер артық жиналыстарды, қайталанатын жұмыстарды және ақпарат іздеуге кететін уақытты азайтады.
Work-life balance — аз жұмыс істеу емес. Бұл – өз уақытыңызды, энергияңызды және назарыңызды саналы түрде басқару. Ал технологиялар бұл процесті жеңілдететін құрал ғана. Егер цифрлық сервистер жұмысты жеңілдетудің орнына тәулік бойы байланыста ұстауға айналса, олардың пайдасы азаяды. Нағыз баланс — жұмысты көбірек емес, ақылдырақ ұйымдастыра білуде.
